← Барлық мақалалар

БАҚ біз туралы

«Адал ас» компаниясы «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесіне қатысты

«Адал ас» компаниясы «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесіне қатысты

21.09.2026Адас АС39 қаралым
«Адал ас» компаниясы «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесіне қатысты

Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен рухани саладағы жаңашылдық пен халал индустрияның дамуын насихаттауға бағытталған «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Ауқымды шараға отандық ұлттық өнімдер өндіруші «Адал ас» компаниясы да қатысып, табиғи әрі таза өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Халықаралық көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, «QMDB EXPO-2026» көрмесінің рухани саладағы жаңашылдық пен тұрақты дамуды танытатын маңызды алаң екенін атап өтті. Екі күнге жоспарланған көрме ҚМДБ-ның бөлімдері мен мекемелерінің қызметі мен өнімдерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік беріп отыр. Шара барысында баспа және баспасөз, уақып, зекет, халал, қажылық және цифрлық даму бағыттары бойынша түрлі жобалар мен қызметтер таныстырылуда.

Көрме алаңында отандық кәсіпкерлердің халал өнімдерімен қатар түрлі тәттілер, халал фаст-фуд өнімдері, косметика және тұрмыстық тауарлар қойылған. Келушілер өнімдермен танысып қана қоймай, олардың дәмін татып, өндірушілермен тікелей байланыс орнатып, арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктерге ие болуда. Осы игі шараға қатысқан «Адал ас» компаниясы өзінің табиғи әрі таза ұлттық өнімдерін ұсынып, отандық халал индустрияның дамуына қосып келе жатқан үлесін таныстырды. Компания өнімдерінің табиғилығы мен сапасына басымдық беріп, тұтынушыларға адалдық қағидаттарына негізделген өнімдерді ұсынуды мақсат етеді. Компанияның халал индустрияны дамытуға қосқан үлесі мен халықаралық көрмеге белсенді қатысқаны ескеріліп, ҚМДБ Халал даму стандарттау және сертификаттау орталығының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат компания ұжымының сапалы әрі халал өнім өндіру бағытындағы еңбегіне берілген жоғары баға болды.

«QMDB EXPO-2026» көрмесі аясында халал индустрия, уақып, зекет, қажылық, цифрлық даму және басқа да бағыттар бойынша түрлі кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай алаңдар кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтып, халал индустрияның мүмкіндіктерін кеңінен танытуға жол ашады. Халықаралық көрме 19-20 қыркүйек күндері Алматы қаласындағы «Бақшасарай» салтанат сарайында өтуде. «Адал ас» компаниясының көрмеге қатысуы отандық өнім өндірушілердің халал талаптарын сақтау, сапалы өнім ұсыну және ұлттық өндірісті дамыту бағытындағы белсенділігін көрсетеді.

ADAL AS

Табиғи өнімдер әлемі

Каталогты ашу →